Қазақстанның орнықтылық қоры KASE-ге шықты

Қазақстан қор биржасында (KASE) «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың (Fitch рейтингі «Тұрақты» болжамымен «ВВB» деңгейінде, бұдан әрі – ҚОҚ) 3 жылдық облигациялардың алғашқы орналастырылуы өтті. Сауда-саттық қортындысы бойынша жылдық 10,7 пайыз кірістілікпен инвесторлардан 16,4 млрд теңге тартылды. ҚОҚ облигацияларын жекеменшік инвесторлар – брокерлік ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер және сақтандыру ұйымдары сатып алды.

Тартылған қаражат «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы мен «Баспана Хит» ипотекалық өнімін іске асыратын банктердің ипотекалық портфельдерін сатып алуға жұмсалатын болады.

Жалғыз акционер – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің шешімімен ҚОҚ-тың оған «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ты біріктіру нысанында қайта ұйымдастырылғанын еске саламыз. Осыған байланысты эмитент Баспанадан ҚОҚ-қа ауыстырылды.

ҚОҚ ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыруды бекітілген индикаторлар бойынша жалғастыра бермек. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңгеге ипотекалық қарыздар беру жоспарланған болатын. Қазір оның 150 млрд теңгеден астамы халыққа ипотека ретінде берілді. «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша 300 млрд теңгеге ипотека беру көзделген еді. Оның 160 млрд теңгесі игеріліп үлгерді. Бүгінге дейін қор нарығынан аталған ипотекалық бағдарламаларын іске асыруға 341,4 млрд теңге тартылған.