Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 қаңтардағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларын орындау мақсатында, «ерекше кезеңнің» экономикалық саясатын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Үкіметі 2015 жылғы 20 ақпанда мақұлдаған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) қабылдады.
Мемлекет басшысы 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банкке 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық қарыздар мәселесін түбегейлі шешу тапсырды.
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында, Ұлттық Банк 20156 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында алынған қарыздар бойынша қызмет көрсету үшін тиімді жағдайлар жасайтын Бағдарламаны кеңейтті.
Бағдарлама 3 бөлімнен тұрады:
- 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап 2009 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру тетігін іске асыру;
- 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру тетігін іске асыру;
- Бағдарламаның 1 және/немесе 2-бөліміне сәйкес кредиттері қайта қаржыландырылған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы (ипотекалық қарыз) шарты бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамау немесе қарыз алушының міндеттемелерін орындамауы тұрғын үйі кредитордың балансына қабылданған кепіл берушілерге (жалға алушыларға) қосымша көмек.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын жаңа редакцияда бекіткеніне байланысты Бағдарламаның операторы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тан «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-қа ауыстырылды, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ пен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ арасында Қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберіндегі банктік салым (цессия) шарттары бойынша талап ету құқықтарын және бағдарламалық ақша қаражатын өтеусіз тапсыру шарты жасалды.