RU
программа обеспечения долгосрочной тенговой ликвидности

«Қарапайым заттар экономикасы» – экономиканың басым жобаларын қаржылай қолдау бағдарламасы

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Басым жобаларға екінші деңгейдегі банктер арқылы 600 миллиард теңге сомасына кредит беру тетігін бекітті.

Тетікке сәйкес Ұлттық Банк БЖЗҚ және Қазақстанның орнықтылық қорының қаражаты есебінен тепе-теңдік негізде банктерді ұзақмерзімді теңгелік өтімділікпен қамтамасыз етеді. Өтімділік ағымдағы нарықтық жағдайға сәйкес мерзімділік, ақылылық, және қайтарымдылық қағидаттары бойынша беріледі. Инвестициялау нарықтық талаптармен Екінші деңгейдегі банктердің өтеу мерзімі 7 жылға дейін және сыйақы мөлшерлемесі жылдық 11% дейін құрайтын облигацияларын сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

Басым жобаларға кредит беру бағдарламасы 2018 жылғы 27 желтоқсанда іске қосылды. Бұл күні «Банк ЦентрКредит» АҚ Қазақстан қор биржасында өзінің өтеу мерзімі 7 жыл және кірістілігі жылдық 10,95% құрайтын облигацияларын 15 млрд. теңге сомасына орналастырды. Аталған облигациялар БЖЗҚ зейнетақы активтерінің және Қазақстанның орнықтылық қорының қаражаты есебінен тең үлеспен сатып алынды.

Екінші деңгейдегі банктер тартылған қаражатты агроөнеркәсіп кешеніндегі өңдеу және қайта өңдеу, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету сияқты бағыттар бойынша басым жобаларды қаржыландыруға жұмсайды. Бағдарламаны іске асыруға баланстық меншікті капиталының мөлшері 60 миллиард теңгеден асатын ірі банктер ғана қатыса алады.

Қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін төмендету үшін мемлекет осы тетіктің талаптары бойынша берілген банктік кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялайды. Мәселен, осындай кредиттер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлеме жылдық 15%-дан аспайды. Субсидияларды есепке алғанда, түпкілікті қарыз алушылар үшін жиынтық мөлшерлеме жылдық 8%-дан аспайтын болады.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы туралы толығырақ – https://epv.kz