2024 ЖЫЛДЫҢ II ТОҚСАНЫ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША «7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ

«7-20-25» бағдарламасы (бұдан кейін – Бағдарлама) аясында 2024 жылдың II тоқсан қорытындысы бойынша 49,9 млрд теңгеден астам сомаға 2 940 ипотекалық қарыз берілді. Бағдарлама басталғалы бері (2018 жылғы шілдеден бастап) 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1 024,1 млрд теңгеге 74 642 несие берілді.

Оның ішінде Астанада 430 млрд теңгеге 27 130 несие, Алматыда – 238,3 млрд теңгеге 15 225 несие, Шымкентте – 69,3 млрд теңгеге 5 519 несие, Қарағанды облысында – 58,3 млрд теңгеге 4 602 несие, Ақтөбе облысында – 30,1 млрд теңгеге 3 119 несие берілді.

Еске салайық, 2023 жылдан бастап Бағдарламада 100 млрд теңге көлемінде кредиттеу лимиті бекітілді. Сома тоқсандар бойынша біркелкі бөлінеді. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Бағдарламаның серіктес банктері үшін 25 млрд теңге көлемінде үшінші тоқсанның лимиті күшіне енді.

Бағдарламаның операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ банктердің Бағдарлама шарттарымен берген кредиттерін ағымдағы бюджет шегінде өтейді. Осылайша, банктер Бағдарлама бойынша алдын ала қаржыландырылмайды.

Бағдарлама бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйлерге ипотекалық несие береді. Азаматтар Бағдарламаға бір рет қана қатыса алады.

«7-20-25» бағдарламасының серіктес банктері: ЦентрКредит Банкі, Халық Банкі, Freedom Finance Қазақстан Банкі, РБК Банкі, Altyn bank, Еуразиялық банк, Fortebank.

Бағдарламаның шарттары туралы ТОЛЫҒЫРАҚ

Posted by / Шілде 5, 2024