АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚТАР! ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ АТЫНАН ЖАЛҒАН КЕПІЛДІК ХАТТАРЫН ҚОЛДАНҒАН АЛАЯҚТЫҚ ЖАҒДАЙЛАР АНЫҚТАЛДЫ

«Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) басшылықтың қолы қойылған және Қордың мөрімен расталған жалған құжаттарды үшінші тұлғалардың тарату жағдайлары анықталғаны туралы ескертеді. Атап айтқанда, алаяқтар азаматтарға Қор атынан меншікке беру кепілдігі туралы және жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеу туралы жалған кепілдік хаттар берумен айналысқан.

Осыған байланысты, Қор қандай да бір кепілдік хаттарды беруді жүзеге асырмайтынын мәлімдейміз. Қор «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларының (бұдан әрі – Бағдарламалар) операторы болып табылады және осы бағдарламалар аясында тек банктермен өзара қарым-қатынас жасайды. Қор жеке тұлғалармен жұмыс істемейді, құрылыс саласына араласпайды және өз балансында жылжымайтын мүлік ұстамайды.

Азаматтарды қырағы болуға шақырамыз. Егер белгісіз жандар сізге Қор атынан қандай да бір хаттар, анықтамалар бергеніне куә болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз.

Сұрақтар мен күдік туындаған жағдайда +7 (727) 227-20-25 нөмірі бойынша Қордың call-орталығына хабарласуыңызды сұраймыз (оператормен қосылу үшін 0-ді теріңіз).

Posted by / Наурыз 1, 2022