АЛМАТЫ ТҰРҒЫНЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН ПАЙДАЛАНЫП, «БАСПАНА ХИТ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ПӘТЕР САТЫП АЛДЫ

Алматы қаласының тұрғыны өзінің зейнетақы жинақтарын пайдаланып, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алды.

«Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы шеңберінде зейнетақы жинақтарын пайдалану арқылы бірінші қарыз берілді. Алматының тұрғыны БЖЗҚ-дан түскен қаражатты алғашқы жарна ретінде пайдаланып, ипотекаға баспана алды.

Еnpf-otbasy.kz порталында өтінім беруден бастап, кілтті алғанға дейінгі барлық жұмысқа 7 жұмыс күні кетті.

Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарының шекті мөлшерінен асатын қаржыны «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша несиені мерзімнен бұрын өтей, не бастапқы жарна ретінде жұмсай алатынын еске саламыз.

Бұл үшін:

  • БЖЗҚ-дан алуға рұқсат етілген соманы білу (онлайн режимінде);
  • Уәкілетті оператор болып табылатын банктердің бірінде арнайы шот ашу (онлайн режимінде);
  • Бірыңғай оператордың enpf-otbasy.kz порталында зейнетақы жинақтарын пайдалануға өтініш беру (онлайн режимінде);
  • Порталға талап етуге құжаттарды жүктеу қажет (онлайн режимінде).

10 ақпандағы жағдай бойынша «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары аясында берілген кредиттердің сомасы 670 млрд теңгеден асты. 68 мың қазақстандық отбасы баспанаға ие болды.

Posted by / Ақпан 10, 2021

FITCH ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ РЕЙТИНГІН «ВВВ»/»ТҰРАҚТЫ» ДЕҢГЕЙІНДЕ РАСТАДЫ

Fitch Ratings «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚОҚ) эмитент дефолтының ұзақ мерзімді рейтингтерін («ЭДР») тұрақты болжамымен «ВВВ» деңгейінде растады.

Fitch пікірі бойынша «ҚОҚ мәртебесі, меншігі және қызметіне бақылау «өте жоғары» деп бағаланады. «Бұл мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін қолайлы саяси жағдайларға негізделген», – деп хабарлайды Fitch.

Posted by / Қаңтар 25, 2021

ALTYN BANK «7-20-25» ЖӘНЕ «БАСПАНА ХИТ» ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ҚОСЫЛДЫ

Altyn Bank «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық  бағдарламалары бойынша азаматтардың өтінімдерін қабылдай бастады. Банк пен ипотекалық бағдарламалардың операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамының арасында тиісті келісімге қол қойылды.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасының басты артықшылықтары оның атауында көрсетілген. Қарыздар төмендетілген пайыздық мөлшерлеме – жылдық 7%-бен 25 жыл мерзіміне беріледі, бұл ретте бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үйдің құнынан 20% құрайды. Бұл бағдарлама бойынша жылжымайтын мүлікті бастапқы нарықтан ғана сатып алуға болады.Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны  – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, атырау, Шымкент қалалары үшін 25 млн теңге, Қарағанды қаласы үшін 20 млн теңге, басқа өңірлер үшін 15 млн теңге құрайды.

«Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы бойынша Altyn Bank-тің клиенттері жаңа тұрғын үйді ғана емес, қайталама нарықтағы үйді де сатып алуға өтінім бере алады. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің ең жоғары құны – 35 млн теңге, қайталама нарықта – 25 млн теңге, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында – 20 млн теңге, басқа өңірлерде – 15 млн теңге құрайды. «Баспана Хит» бағдарламасының талаптары бойынша қарыздар тұрғын үйдің құнынан 20% бастапқы жарнасымен 15 жыл мерзіміне беріледі. Ипотекалық қарыз теңгемен беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі: ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі +175 базистік тармақ (ағымдағы күнге – жылдық 10,75%)

«Altyn Bank қосылғаннан кейін «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларына қатысушы банктер саны тоғызға дейін өсті. Серіктестер қатарының артуы бағдарламалардың ауқымын кеңейтеді, клиенттік сервисті жақсартады және азаматтарға өзіне қолайлы банкті таңдауға мүмкіндік береді», – дейді «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қыдыков.

«Біз әрбір клиентіміздің ипотека бойынша ең қолайлы және қолжетімді талаптарын таңдауға мүмкіндік алуын қалаймыз. «7-20-25» және «Баспана Хит» мемлекеттік бағдарламаларына қатысу біз үшін маңызды қадам, ол біздің клиенттерімізге ең ұтымды нарықтық талаптармен тұрғын үй кредитін алуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді «Altyn Bank» АҚ Бөлшек өнімдер департаментінің директоры Жанара Шалабаева

Қазіргі кезде «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша ипотекалық кредитті Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Халық банк, АТФБанк, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jysan bank, ForteBank және Altyn Bank береді.

Altyn Bank-тен ипотекалық кредит бойынша  +7 (727) 35-65-777 телефоны арқылы кеңес алуға болады. Өтінімдер Altyn Bank-тің  Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларындағы бөлімшелерінде қабылданады.

Posted by / Желтоқсан 24, 2020

«БАСПАНА ХИТ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ТҰҢҒЫШ РЕТ САЛЫНЫП ЖАТҚАН ҮЙГЕ ИПОТЕКА БЕРІЛДІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі биыл қыркүйек айында «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша жаңа өзгерістерді бекіткен болатын.

Бағдарламаның жаңа талаптарына сәйкес Қазақстан азаматтары екінші деңгейдегі банктің жобасы бойынша үлестік қатысу шеңберінде немесе тұрғын үй құрылысының жалғыз операторының кепілдігімен салынатын тұрғын үйді сатып алуға ипотека ресімдей алады. Сонымен бірге, бастапқы нарық үшін тұрғын үй құнының ең жоғары лимиттері Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 25 млн теңгеден 35 млн теңгеге дейін, сондай-ақ бастапқы және қайталама тұрғын үй үшін – Шымкент қаласында 25 млн теңгеге дейін және Қарағанды қаласында 20 млн теңгеге дейін өзгертілді.

«Баспана Хит» бағдарламасының жаңа талаптарын бірінші болып Алматы қаласының тұрғыны Ләйлә Анасова пайдаланып көрді.

«Көптен бері үйімізді кеңейту жолдарын іздеген едім», – дейді Ләйлә. «Біз отбасымызбен екі бөлмелі пәтерде тұрдық. Оның көлемі небәрі 50 шаршы метр. Біз үшін өте тар еді. Салынып жатқан үйдің дайын үйге қарағанда арзан екенін білетін едім. Бірақ құрылыс салушының бөліп төлеу талаптары маған қолайсыз болды».

Ләйләнің айтуы бойынша, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үйді сатып алуға болатыны туралы ақпаратты әріптесінен естіген. Сол бойынша жаңалықтарды оқып, біліп жүрді. Бағасы қымбат емес және орналасқан жері барынша қолайлы, құрылыстың аяқталуына кепілдігі бар тұрғын үй кешендерін іздестіре бастаған.

«Нәтижесінде ЦентрКредит Банк аккредиттеген Qazaq Stroy құрылыс компаниясынан «Terracotta» тұрғын үй кешенін таңдадым. Зейнетақы қорынан алынатын қаражаттың есебінен ипотеканы жартылай жабуға ниеттімін. Құрылысшылар үйімізді келесі жылдың күзінде пайдалануға беруге уәде беріп отыр», – дейді Ләйлә.

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қыдықовтың  айтуынша, банктер қаржылық тұрақтылығын тексеріп, аккредитациядан өткізген құрылыс компанияларының салынып жатқан тұрғын үй нысандары «Баспана Хит» бағдарламасына қатыса алады.

«Баспана Хит» бағдарламасының жаңа талаптары тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және бастапқы тұрғын үйге сұранысты көбейтуге бағытталған. Жақын арада бағдарламаның жаңа талаптары бойынша ипотекалық қарыздар беруге басқа да банктер мен аккредиттелген құрылыс салушылар қосылады», – деді Рүстем Қыдықов.

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді кредиттеуді ынталандыру мақсатында «Баспана Хит» ипотекасын 2018 жылы іске қосқан еді. Бүгінгі күні 40 мыңнан астам қазақстандық осы бағдарлама бойынша үйлі болды.

Posted by / Желтоқсан 14, 2020

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ БИРЖАҒА 10 ЖЫЛДЫҚ ОБЛИГАЦИЯЛАРЫН ОРНАЛАСТЫРДЫ

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ («ВВВ»/болжамы «Тұрақты», Fitch – бұдан әрі ҚОҚ) Қазақстан қор биржасында ұзақ мерзімді 10 жылдық облигацияларын орналастырып, қаржы тартты.

Тартылған қаржы көлемі 10 миллиард теңгені құрады. Биржадағы сауда-саттық нәтижелері бойынша облигациялар толығымен сатылды. Бұл инвесторлардың ҚОҚ құнды қағаздарын ұзақ мерзімді инвестициялаудың сенімді қаржылық құралы ретінде көріп отырғанын байқатады.

Он жылдық облигациялар шығару арқылы ҚОҚ ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін «ұзақ мерзімді» қаржыландыру тарта алады. Онымен бірге, бағалы қағаздар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерді тиімді және біркелкі бөлу мүмкіндігі туады.

Posted by / Қараша 25, 2020

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ KZ2C00006328 ОБЛИГАЦИЯЛАРЫ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ КУПОНДЫҚ СЫЙАҚЫСЫН ТӨЛЕДІ

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ («ВВВ»/болжамы «Тұрақты», Fitch – бұдан әрі ҚОҚ) KZ2C00006328 екі жылдық облигациялары бойынша бірінші купонын уақытында төлегенін хабарлайды. Сыйақы мөлшері 8,5 миллиард теңгені құрады.

Облигациялар 100 миллиард теңге сомасына орналастырып, купондық кірістілігі жылдық 8,5 процентті құраған болатын.

Бұл облигацияларды екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары, активтерді басқару қорлары мен брокерлік ұйымдар сатып алды.

ҚОҚ облигациялары мемлекеттік бағалы қағаздар қоржынына енгізілген және екінші деңгейлі банктерден ипотекалық қарыздарын сатып алу арқылы «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру мақсатында шығарылады.

Posted by / Қараша 17, 2020

ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ НЕСИЕЛЕНДІРУДІ ЫНТАЛАНДЫРУ ТӘСІЛДЕРІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған кәсіпкерлікті ұзақ мерзімді несиелеуді қамтамасыз ету туралы тапсырмасын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында айтқан тапсырмасын орындау барысында экономиканың нақты секторларын несиелендіру үшін Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының «Тұрғын үй нарығындағы ұзақ мерзімді несиелендіруді ынталандыру тәсілдері» қаулысына өзгерістер енгізді. Тәсілдердің негізгі міндеттері экономиканы ұзақ мерзімді банктік несиелендіруді кеңейту, тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді несиелендіруді белсендіру, халықтың әртүрлі топтары үшін тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру болып табылады. Міндеттерді іске асыру, оның ішінде операторы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ болып табылатын «Баспана хит» нарықтық ипотекалық өнімі арқылы жүзеге асырылуда.

«Баспана хит» ипотеканың тиімді шарттарын ұсынады. Жылдық номиналды сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері «базалық мөлшерлеме + 175 базистік тармақ» формуласы бойынша банктік қарыз шартын жасау күніне айқындалады және оны қарыз мерзімі ішінде өзгертуге болмайды. Бастапқы төлем – 20%-дан бастап, несие мерзімі – 15 жылға дейін. Бастапқы тұрғын үйден бөлек қайталама нарықта баспана сатып алуға болады. Сондай-ақ баспананың жоқтығы туралы талап жоқ. «Баспана хит» бағдарламасы аясында 26 қазандағы жағдай бойынша 388,1 млрд теңгеге 44 228 өтінім мақұлданса, оның ішінде 306,8 млрд теңгеге 35 769 несие берілді. «Баспана хит» бағдарламасын жүзеге асыру барысында азаматтардың өтініштері мен банктерден, құрылыс салушылар мен қоғамдық бірлестіктерден түскен ұсыныстар талданды, оның негізінде 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Ұлттық Банкі тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға және тұрғын үй алудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған түзетулерді бекітті.

Жарлықта:

– Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бастапқы нарықта сатып алынатын тұрғын үй құнының шекті лимитін 25 миллион теңгеден 35 миллион теңгеге дейін арттыру;

– Шымкент қаласында бастапқы және қайталама нарықтарда сатып алынатын тұрғын үйлердің шекті құнының лимитін 25 млн теңгеге, Қарағандыда 20 млн теңгеге дейін арттыру;

– үлестік қатысу шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі қарастырылады. 

Бұл бағыттағы несиелендіру «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Лимитті арттыру «Баспана хит» бағдарламасы аясында қазірдің өзінде күшіне енген. Үлестік қатысу шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға несие беруді бастау үшін бағдарлама операторы серіктес банктермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын жүргізуде. «Баспана хит» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерді несиелендірудің басталғаны туралы кейінірек хабарланады.

Posted by / Қазан 26, 2020

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ ЕКІ ЖЫЛДЫҚ ОБЛИГАЦИЯСЫН ҰСТАУШЫЛАРҒА АЛҒАШҚЫ КУПОНДЫҚ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕДІ

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ («ВВВ»/болжамы «Тұрақты», Fitch – бұдан әрі ҚОҚ) ISIN KZ2C00006211 екі жылдық облигацияларын ұстаушыларға  бірінші купондық сыйақыны 5,95 млрд теңге сомасына уақтылы және толық көлемде төледі.

Бұл төлем 2019 жылғы 29 қыркүйекте жылдық 10,25% орташа мөлшерленген кірістілігімен 70 млрд теңге сомасына орналастырылған екі жылдық облигациялардың дебюттік шығарылымы бойынша жүргізілді.

ҚОҚ облигацияларының негізгі ұстаушылары екінші деңгейдегі банктер, институционалдық инвесторлар және заңды тұлғалар болып табылады.

ҚОҚ облигациялары мемлекеттік бағалы қағаздар қоржынына енгізілген және екінші деңгейлі банктерден ипотекалық қарыздарын сатып алу арқылы «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру мақсатында шығарылады.

Posted by / Қазан 1, 2020

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫН САЙЛАУ ТУРАЛЫ

«Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) Қоғамның Директорлар кеңесі тарапынан 2020 жылдың 21 қыркүйегінен бастап Қоғамның Директорлар кеңесінің Төрағасы лауазымына Біржанов Есжан Амантайұлын қайта сайлау туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабарлайды.

Posted by / Қыркүйек 28, 2020

ИПОТЕКАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАРЫЗДАРЫН (ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗДАРДЫ) ҚАЙТА ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

2015 жылдан бастап Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда ипотекалық қарыз алушыларды қолдау үшін жалғыз тұрғын үйді сақтауға, борыштық жүктемені төмендетуге және ипотекалық қарыз алушылар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004–2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген 50 млн теңгеден аспайтын сомасына ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген.

Қазақстан Ұлттық Банкі Бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға 130 млрд теңге бөлді. Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.

2020 жылғы 1 қыркүйекте 28,3 мың қарыз алушыға 176,7 млрд теңге сомасына көмек көрсетілді, 123,3 млрд теңге сомасына қарыз алушылардың сыйақы, айыппұл (өсімпұл), комиссиялар бойынша берешегі кешірілді. Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және револьверлік тетік ескерілгенде қайта қаржыландырылған қарыздардың саны шамамен 40 мың болады.

Валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету және валюталық бағамдардың ауытқуына тәуелділікті болдырмау мақсатында 2018 жылғы 27 наурыздан бастап жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейтін Бағдарламаның екінші бөлігі іске асырылуда.

Бағамдық айырманы өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінген болатын. Хәлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы1 (ХӘОТ) үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде белгіленеді, бұл қарыз алушының борыштық жүктемесін 2 еседен аса төмендетуге мүмкіндік береді.

2020 жылғы 1 қыркүйекте банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 83 млрд теңге сомасына 9,2 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 70,1 млрд теңге сомасына 7,9 мың қарыз қайта қаржыландырылды.

Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

Бағдарламаның бірінші және екінші бөлігінің іске асырылуын талдау ХӘОТ санатына жататын және бұрын Бағдарламаның талаптары бойынша өз қарыздарын қайта қаржыландырған азаматтар мемлекеттің қосымша қолдауына ерекше мұқтаж екенін көрсетті. Азаматтардың осы санатының әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттен төленетін төлемдер түріндегі кірістері оларға тіпті Бағдарламаның жеңілдетілген талаптары бойынша да өз қарыздарына қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 23 желтоқсанда Бағдарламаның үшінші бөлігі іске қосылды, ол банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту/кешіру, ай сайынғы төлемі 20 000 теңгеден басталатын және қарыз алушының ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайтын табысын сақтай отырып, жеңілдікті кестелерді белгілеу түрінде борыштық жүктемені жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану құқығын береді.

Қарыз алушының банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы берілді.

Алайда, тіпті соңғы өзгерістерді ескере отырып, Бағдарламаны іске асыру кезінде мұқтаж азаматтар мемлекеттің қолдауын ала алмаған жағдайлар анықталды. Бұл:

– кредитті қайта қаржыландырғаннан кейін ХӘОТ мәртебесін алған адамдарға;

– ХӘОТ мәртебесі бар және банктер ипотекалық кредитті өтеуді талап ететін қоса қарыз алушыларға, кепіл берушілерге және кепілгерлерге;

– әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын азаматтарға қатысты.

Бағдарламаны іске асыру барысында азаматтардың өтініштері мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары талданды, олардың негізінде 2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағдарламаның талаптарын жақсартатын және мынадай мүмкіндіктерді көздейтін түзетулерді бекітті:

– еңбекке жарамсыздыққа әкеп соғатын және ипотекалық кредитті өтейтін кірістерден айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын (аурудың 5 түрі бойынша, оның ішінде туберкулездің белгілі бір түрлері, қатерлі ісіктер, орталық жүйке жүйесінің миелинсіздендіретін аурулары және басқалар) азаматтардың қарыздарды қайта қаржыландыруы;

– қарыз алушының зайыбы (жұбайы) немесе жақын туысы болып табылатын қоса қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілгердің ХӘОТ мәртебесі бар қарыздарға ХӘОТ үшін көзделген Бағдарламаның талаптарын қолдану;

– қарызды қайта қаржыландырғаннан кейін «ХӘОТ» мәртебесін алған қарыз алушылардың борыштық жүктемесін қосымша төмендету;

– ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыларды мемлекеттік баж бойынша берешекті төлеуден босата отырып, нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы арқылы банктің пайдасына берешегі өндіріп алынған қарыздарды Бағдарлама бойынша қайталап қайта қаржыландыру мүмкіндігін беру;

– қарыз алушыларға «Астана Банкі» АҚ және «БТА Банк» АҚ балансына өткен жалғыз баспанасын, сондай-ақ банктер күмәнді активтерді басқару ұйымдарына берген баспананы меншігіне қайтару.

Осы түзетулер шеңберінде Қарыз алушылардың банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуына шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялардың рөлін күшейтуге, сондай-ақ банктердің валюталық ипотекалық қарыздарды бір жақты тәртіппен жақсартатын талаптар шеңберінде теңгеге конвертациялауына бағытталған қосымша шаралар көзделген.

Алдын ала бағалаулар бойынша, түзетулер Бағдарламаның жалпы сомасы 50 млрд теңгеге шамамен 5 мың қарыз алушыны қосымша қамтуына мүмкіндік береді.

Бағдарламаны одан әрі іске асыруды Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асыратын болады.

Қаулының толық мәтінімен https://www.nationalbank.kz/kz/npa/zashchita-prav-potrebiteley-finansovyh-uslug- сілтемесі бойынша танысуға болады.

 

1 ХӘОТ санаттары «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабында айқындалған

https://nationalbank.kz/kz/news/press-relizy/10042

Posted by / Қыркүйек 24, 2020