Интернетте алаяқтардың «7-20-25» Бағдарламасы бойынша ипотекалық несие алу үшін банктік брондау/кезектегі орындарды сататын күмәнді жарнамалары жиілеп кетті.
«7-20-25» Бағдарламасының операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға, сыбайлас жемқорлық, алаяқтық және заңға қайшы әрекет фактілеріне мүлдем төзбеушілік ұстанымын ұстанады.
«7-20-25» Бағдарламасына екінші деңгейлі банктердің қатысуы туралы шарт банктің «7-20-25» Бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздарды беру және оларға қызмет көрсету процесін ұйымдастыру кезінде ықтимал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы ақпаратқа дереу ден қою міндетін көздейді. Қор сыбайлас жемқорлық пен алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша банктермен тұрақты түрде консультациялар жүргізеді.
Әрбір келіп түскен ақпарат бойынша «7-20-25» Бағдарламасына қатысушы банктердің қауіпсіздік қызметтері тексерулер жүргізіп, заңның бұзылғаны расталса, істі құқық қорғау органдарына тапсырып отырады.
Азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Ешкімге ешқашан ақша бермеңіз. Егер Сіз заңды бұзудың немесе оған итермелеудің осы немесе басқа фактілерімен кездессеңіз, дереу фактіні жазып алып, Бағдарламаға қатысушы банктердің ресми сайттарында көрсетілген байланыс арналары арқылы хабарласыңыз.