«БАСПАНА ХИТ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ ӨЗГЕРДІ

«Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасының жылдық ставкасы бүгіннен бастап 11,25% дейін төмендетілді. Мөлшерлеменің өзгеруі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің 2020 жылғы 6 сәуірден бастап базалық мөлшерлемені 9,5% дейін төмендетуіне байланысты. Естеріңізге сала кетейік, ипотекалық бағдарламаның сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне байланған (+ 1.75%).

Ставканың несие шартын жасасу кезінде бекітілетінін ескерсек, өзгерістер бағдарламаның жаңа клиенттеріне ғана әсер етеді. Қолданыстағы несиелер бойынша мөлшерлеме қайта қарастырылмайды және келісімшарт шарттары өзгеріссіз қалады.

6 сәуірдегі жағдай бойынша 22 742 қазақстандық отбасы «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша үйлі болған. Берілген несиелердің жалпы сомасы 184 млрд теңгені құрап отыр.

Posted by / Сәуір 6, 2020