ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ 24 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ МӨЛШЕРІНДЕ КУПОНДЫҚ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕДІ

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (Fitch Ratings «BBB»/болжамы «Тұрақты», бұдан әрі – ҚОҚ) өзінің шығарылған Z2C00006906 облигациялары бойынша бірінші купондық сыйақыны уақтылы төлегені туралы хабарлайды. Инвесторларға  төленген сыйақының мөлшері 24 млрд теңге құрады.

Ұзақмерзімді  облигациялар 12% жылдық кірістілігімен 200 млрд теңге сомасына Жұмыспен қамту жол картасын қаржыландыру мақсатында 2020 жылғы 21 қазанда шығарылды. Бағалы қағаздар институционалдық инвесторлардың, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру компанияларының, активтерді басқару жөніндегі қорлардың  және брокерлік ұйымдардың арасында өткізілді.

Бұл ағымдағы қаржы жылында саны бойынша бесінші купондық сыйақыны төлеу болып табылатынын атап көрсетеміз. Қазақстан қор биржасында  тіркелген сәттен бастап ҚОҚ өтеген облигациялардың жалпы саны 220 млрд теңге құрайды.

Қазіргі кезде ҚОҚ-тың биржалық портфелі бір, екі, үш, бес, жеті және онжылдық облигациялардан тұрады, олар мемлекеттік бағалы қағаздар қоржынына енгізілген және екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздарын сатып алу арқылы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын іске асыру және Жұмыспен қамту жол картасын қаржыландыру мақсатында шығарылады.

ҚОҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы болып табылады.

Posted by / Қазан 27, 2021