ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗ АЛУШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ЖҮРГІЗІП ЖАТҚАН ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкі

2015 жылдан бастап ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарламаны іске асыруға Қазақстан Ұлттық Банкі 300 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді, бұл ретте банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссия, 180 млрд.теңгеден астам сомаға тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін кешіретін болады.

2004-2009 жылдар кезеңінде берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыру мақсатында 130 млрд.теңге бөлінді.

Қарыз алушылардың борыштық жүктемесін жеңілдету мақсатында Бағдарлама жылдық 3% – дан аспайтын сыйақы ставкасы бойынша капиталдандырылған сомаларды шегере отырып, қарыз бойынша негізгі борышты қайта қаржыландыруды көздейді. Қарыз алушының сыйақы, комиссия, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін банктер кешіруге тиіс.

Қарызды қайта қаржыландыру нәтижесінде қарыз алушының қарызы 40%-50% – ға төмендейді.

Сот шешімдері бар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың қарыздары бойынша Қазақстан Ұлттық Банкі мемлекеттік баж бойынша берешекті, сондай-ақ проблемалық валюталық қарыздар бойынша 15 млрд. теңгеден астам сомаға бағамдық айырманы өтеген.

2019 жылғы 1 ақпанға банктер Бағдарлама аясында 161,1 млрд.теңге сомасына 26 021 қарыз мақұлдады, 141,1 млрд. теңге сомасына 24 195 қарыз қайта қаржыландырылды.

Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, 2026 жылға дейін қайта қаржыландырылған қарыздардың саны республика бойынша шамамен 40 мыңды құрауы мүмкін.

2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларды қолдау Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен валюталық қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейді (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге). Бүгінгі күні бағам АҚШ доллары үшін 378,04 теңгені құрайды.

Бағамдық айырма сомасы (шамамен 156 млрд.теңге) банктерге қайтарымды негізде Ұлттық Банктің меншікті қаражаты есебінен өтеледі.

Қарыз бойынша негізгі борыш қалдығы қайта қаржыландыруға жатады. Банктер 136 млрд.теңгеден астам сомаға сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша қарыз алушылардың берешегін кешіреді.

Қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12% – ды құрайды (халықтың әлеуметтік осал топтары үшін-жылдық 3%). Егер қолданыстағы сыйақы ставкасы жылдық 12% – дан кем болған жағдайда, қарызды қайта қаржыландыру кезінде сыйақы ставкасы ұлғайтуға жатпайды. Бүгінгі күні ипотекалық қарыздар бойынша орташа нарықтық мөлшерлеме жылдық 12% -14% құрайтынын хабарлаймыз.

Валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру қарыз алушының борыштық жүктемесін екі және одан да көп есе төмендетуге мүмкіндік береді.

2019 жылғы 1 ақпанға банктер 53,6 млрд.теңге сомасына 6 361 валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға мақұлдады, 38,6 млрд. теңге сомасына 4 917 қарыз қайта қаржыландырылды.

Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылдың 15 шілдесінде аяқталады.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық Банкі мүлкі банктердің балансында тұрған ипотекалық қарыз алушыларды және қарыздары бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларды қолдау мәселесін пысықтауда.

Тұрғын үйді жалға беру шарттарын және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларды қосымша қолдау тетігін әзірлеу үшін оған мүдделі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдерін, Екінші деңгейдегі банктердің өкілдерін және қоғамдық бірлестіктердің басшыларын қоса отырып, жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы азаматтардың осы санаттарына көмектің негізгі шарттарын әзірлегеннен кейін Бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық Банктің қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген азаматтарға консультациялар береді және құқықтық көмек көрсетеді, заемдарды қайта құрылымдау шарттарын әзірлеу үшін заемшылардың банктер мен ипотекалық ұйымдардың өкілдерімен кездесулері өткізіледі.

Осылайша, мемлекет ипотекалық заемшыларға қолдау көрсету бойынша кешенді шараларды қолға алып отырады және жеке дереккөздер тарататын несиелерді есептен шығару туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Ұлттық Банк Бағдарламаны іске асыруды жетілдіру шаралары бойынша заемшылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық бірлестіктермен белсенді диалог жүргізуге дайын және Ұлттық Банктің және оның бастамаларының негізгі қызметі туралы жұртшылықты жүйелі хабардар ету тәжірибесін жалғастырады.

Posted by / Ақпан 27, 2019