Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының шешімімен Қарағанды қаласында «7-20-25» бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде сатып алынатын тұрғын үйдің шекті құны 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл – өңірдегі Бағдарламаның мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықтың ипотекалық кредиттеу тетігі арқылы сатып алуы үшін қолжетімді бастапқы тұрғын үйлердің санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Тұрғын үйдің ең жоғары құнын өзгерту жөніндегі шешімге Қарағанды облысында байқалатын қажеттіліктің өсуі себепші болды. Атап айтқанда, Қарағандыда Бағдарлама қарыз алушыларының жартысына жуығы (47%) тұрғын үйді құнның ең жоғары лимиті бойынша 15 млн теңгеге сатып алған. Жалпы, Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері Қарағанды қаласында 7,2 млрд теңге сомасына ипотекалық несиелер берілді.
Осылайша, Бағдарламаға өзгерістер енгізілгеннен кейін Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 млн теңге, Қарағанды қаласында – 20 млн теңге, қалған өңірлерде 15 млн теңгені құрайды.
Бағдарламаны іске қосылғалы бері Қазақстан бойынша 15 000 отбасы 175 млрд теңге жалпы сомасына баспана сатып алды.