«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ азаматтарға «7-20-25» Бағдарламасына қатысу үшін ипотекалық брокерлердің, кеңесшілердің және басқа да делдалдардың қызметіне жүгінудің қажеті жоқ екенін еске салады. Ипотекалық несие алуға өтінімді Бағдарламаға қатысушы банктер арқылы тікелей, өз бетінше және тегін беруге болады.
Қазіргі уақытта «7-20-25» Бағдарламасына қатысушы банктердің басым бөлігі өтінімдерді онлайн форматта қабылдауға көшкен. Процестерді автоматтандыру ипотеканы рәсімдеу тәртібін азаматтар үшін анағұрлым ашық әрі қолжетімді етті. Сонымен қатар кезек қалыптастыру және өтінімдерді қарау процесіне үшінші тұлғалардың араласу мүмкіндігін болдырмауға жағдай жасады. Осылайша, азаматтардың кезекке тұру, өтінімді қарауды жеделдету немесе банктердің қаржыландыру лимиттеріне қол жеткізу үшін үшінші тұлғалардың қызметіне ақы төлеуіне ешқандай қажеттілік жоқ. Мұндай ұсыныстар ипотеканы рәсімдеу кезінде қандай да бір артықшылық бермейді. Ипотекалық несие беру туралы шешімді тек банк қабылдайтынын атап өткен жөн. Бұл ретте қарыз алушының Бағдарлама талаптарына сәйкестігі, төлем қабілеттілігі және банктің ішкі несиелеу рәсімдері ескеріледі. Ешбір делдал ипотекалық несиенің міндетті түрде мақұлданатынына кепілдік бере алмайды.
Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарға Бағдарлама шарттарымен өз бетінше танысып, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің арасынан өзіне қолайлы баспананы таңдап, Бағдарламаға қатысушы банктердің біріне тікелей жүгінуді ұсынады. Өтінім беру тәртібі мен қолжетімді қызмет көрсету арналары туралы ақпаратты тек банктердің ресми дереккөздерінен алу қажет.
Еске сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттарына сәйкес жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызды, бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын құрайды, ал несиелеу мерзімі 25 жылға дейін белгіленген. Бұл ретте ипотекалық несие беру және оған қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алынбайды.
Бағдарлама шарттары туралы толық ақпарат baspana72025.kz ресми сайтында орналастырылған. Сондай-ақ +7 (727) 227-20-25 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан кеңес алуға болады.
