«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ 2026 ЖЫЛҒЫ III ТОҚСАНДАҒЫ НӘТИЖЕЛЕРІ

2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша «7-20-25» бағдарламасы (бұдан кейін – Бағдарлама) аясында 74,9 млрд теңге сомаcына 3 696 ипотекалық қарыз берілді. Бағдарлама басталғалы бері (2018 жылғы шілдеден бастап) 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1 249,1 млрд теңгеге 86 851 несие берілді.

Оның ішінде Астанада 522 млрд теңгеге 31 942 несие, Алматыда – 309,3 млрд теңгеге 18 919 несие, Шымкентте – 95,9 млрд теңгеге 6 932 несие, Қарағанды облысында – 75,8 млрд теңгеге 5 705 несие, Ақтөбе облысында – 31,8 млрд теңгеге 3 248 несие, Ақмола облысында – 31,7 млрд теңгеге 3 111 несие берілді.

2025 жылғы 26-шы қыркүйектен бастап сатып алынатын тұрғын үйдің шектік бағасы ұлғайтылды. Астана, Алматы қалалары және олардың қала маңы аймақтарында, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында сатып алынатын баспананың ең жоғары құны 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге дейін, Қарағанды қаласында 20 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін көтерілді.

Еске салайық, 2023 жылдан бастап Бағдарламада 100 млрд теңге көлемінде кредиттеу лимиті бекітілді. Бағдарламаның операторы, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ банктердің Бағдарлама шарттарымен берген кредиттерін ағымдағы бюджет шегінде өтейді. Осылайша, банктер Бағдарлама бойынша алдын ала қаржыландырылмайды. Бағдарлама бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйлерге ипотекалық несие береді. Азаматтар Бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Әрбір отбасы мүшесіне пайдалы ауданы 15 шаршы метрден кем жатақханалардағы бөлмелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апат жағдайында деп танылған тұрғын үйлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 18 ай ішінде қарыз алушының (және жұбайының/зайыбының) меншік құқығында тұрғын үй болмауы тиіс.

«7-20-25» бағдарламасының серіктес банктері: ЦентрКредит Банкі, Халық Банкі, Freedom Finance Қазақстан Банкі, РБК Банкі, Altyn bank, Еуразиялық банк, Fortebank.

Бағдарламаның шарттары туралы ТОЛЫҒЫРАҚ

Posted by / Қазан 1, 2026