О. СМОЛЯКОВ: ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ВАЛЮТАЛЫҚ ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗДАРЫН ҚАЙТА ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мерзімін ұзартуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков хабарлады.

«Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін барлық валюталық ипотекалық қарыз алушыларды Бағдарлама аясында барынша қамту мақсатында осы қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін, таратылып жатқан «Астана Банкі» АҚ және «Qazaq Banki» АҚ банктеріндегі қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды», – деп хабарлады О. Смоляков. Ол қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс деп толықтырды.

Ұлттық Банк басшысының орынбасары Бағдарламаға енгізілген түзетулерді ескере отырып, қарыз алушылар 2019 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмейтін мерзімде қайта қаржыландыруға өтінішпен кредитор банкке жүгінулері қажет.

«2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 64,9 млрд теңге сомасына 7 735 валюталық ипотекалық қарыз мақұлданды, 51,4 млрд теңге сомасына 6 283 валюталық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды», – деп статистика келтірді О. Смоляков.

О. Смоляков Бағдарламаны Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен 2015 жылдан бері іске асырып келе жатқанын да еске түсірді. 2004 – 2009 жылдардағы кезеңде банктер берген және жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық Банк 130 млрд теңге бөлді. Бөлінген қаражаттың толығымен игерілуіне байланысты қарыздарды қайта қаржыландыру бұған қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуге келіп түскен ақша есебінен жүзеге асырылуда. Мәселен, 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша банктер Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 165,9 млрд теңге сомаға 26 803 қарызды мақұлдаған, 148,3 млрд теңге сомаға 25 249 қарызды қайта қаржыландырды, қарыз алушылардың 51,3 млрд теңге сомаға сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегі кешірілді.

Бағдарлама бойынша түсініктемелер мен консультацияларды Қазақстан Ұлттық Банкінің Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67-үй мекенжайындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде, ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарында, «Кері байланыс» нысаны арқылы ҚР Ұлттық Банкінің сайтынан алуға болады.

Толығырақ ақпаратты мына телефондар бойынша алуға болады:
+7 (727) 278 81 04 (ішкі 5571, 5573),
+7 (727) 261 92 13
e-mail: Fingramota@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Posted by / Шілде 3, 2019