Altyn Bank «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша азаматтардың өтінімдерін қабылдай бастады. Банк пен ипотекалық бағдарламалардың операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамының арасында тиісті келісімге қол қойылды.
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасының басты артықшылықтары оның атауында көрсетілген. Қарыздар төмендетілген пайыздық мөлшерлеме – жылдық 7%-бен 25 жыл мерзіміне беріледі, бұл ретте бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үйдің құнынан 20% құрайды. Бұл бағдарлама бойынша жылжымайтын мүлікті бастапқы нарықтан ғана сатып алуға болады.Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, атырау, Шымкент қалалары үшін 25 млн теңге, Қарағанды қаласы үшін 20 млн теңге, басқа өңірлер үшін 15 млн теңге құрайды.
«Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы бойынша Altyn Bank-тің клиенттері жаңа тұрғын үйді ғана емес, қайталама нарықтағы үйді де сатып алуға өтінім бере алады. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің ең жоғары құны – 35 млн теңге, қайталама нарықта – 25 млн теңге, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында – 20 млн теңге, басқа өңірлерде – 15 млн теңге құрайды. «Баспана Хит» бағдарламасының талаптары бойынша қарыздар тұрғын үйдің құнынан 20% бастапқы жарнасымен 15 жыл мерзіміне беріледі. Ипотекалық қарыз теңгемен беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі: ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі +175 базистік тармақ (ағымдағы күнге – жылдық 10,75%)
«Altyn Bank қосылғаннан кейін «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларына қатысушы банктер саны тоғызға дейін өсті. Серіктестер қатарының артуы бағдарламалардың ауқымын кеңейтеді, клиенттік сервисті жақсартады және азаматтарға өзіне қолайлы банкті таңдауға мүмкіндік береді», – дейді «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қыдыков.
«Біз әрбір клиентіміздің ипотека бойынша ең қолайлы және қолжетімді талаптарын таңдауға мүмкіндік алуын қалаймыз. «7-20-25» және «Баспана Хит» мемлекеттік бағдарламаларына қатысу біз үшін маңызды қадам, ол біздің клиенттерімізге ең ұтымды нарықтық талаптармен тұрғын үй кредитін алуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді «Altyn Bank» АҚ Бөлшек өнімдер департаментінің директоры Жанара Шалабаева
Қазіргі кезде «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша ипотекалық кредитті Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Халық банк, АТФБанк, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jysan bank, ForteBank және Altyn Bank береді.
Altyn Bank-тен ипотекалық кредит бойынша +7 (727) 35-65-777 телефоны арқылы кеңес алуға болады. Өтінімдер Altyn Bank-тің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларындағы бөлімшелерінде қабылданады.