2025 жылы Қор алдына қойылған барлық стратегиялық міндеттерді табысты іске асырып, сондай-ақ өткен жылдар үшін Жалғыз акционерге 371,3 млрд теңге мөлшерінде дивиденд төледі. 2025 жылғы 11 қарашада Fitch Ratings рейтингтік агенттігі «ҚОҚ» АҚ эмитентінің ұзақмерзімді дефолт рейтингін «Тұрақты» болжамымен «BBB» деңгейінде растады. Бұл Қордың сенімділігін және оның ҚР Ұлттық Банкімен берік байланысын көрсетеді.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыты аясында Қор екінші деңгейлі банктердің негізгі көрсеткіштеріне тұрақты мониторинг жүргізеді. Бұл жекелеген институттардың да, жалпы сектордың да даму динамикасын дер кезінде бағалауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Екінші деңгейлі банктердің қаржылық тұрақтылығы бағдарламасына қатысушы банктердің жиынтық активтері 11%-ға, ал жиынтық меншікті капиталы 17%-ға ұлғайды. Бұл ретте есепті кезеңде банктер аталған Бағдарлама бойынша 318,6 млрд теңге көлеміндегі қаражатты мерзімінен бұрын өтеді.
Қор ішкі бағалы қағаздар нарығында сенімді эмитент мәртебесін сақтап отыр. 2025 жылы 407 млрд теңге сомасына облигациялар орналастырылды, ал бұрын шығарылған міндеттемелерді өтеу көлемі 609 млрд теңгені құрады. Бұл жоғары өтімділікті және инвесторлар алдындағы міндеттемелердің мінсіз орындалуын көрсетеді.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына сәйкес 1 746 қарыз алушының 28,2 млрд теңге сомасындағы ипотекалық қарыздары қайта қаржыландырылды. Бұл күрделі қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға елеулі қолдау көрсетіп, олардың жалғыз баспанасын сақтап қалуына және борыштық жүктемесін төмендетуге ықпал етті.
«7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы аясында 5 562 азаматқа 100 млрд теңге сомасында қарыз берілді. Бұл олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп, құрылыс саласының дамуына қосымша серпін берді.
Жеңілдетілген автокредиттеу бағдарламасы бойынша 1 295 қазақстандыққа отандық өндірістегі жаңа автокөліктерді сатып алуға 12,6 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыру ұсынылды. Бұл ұлттық автопромның дамуына қосымша қолдау көрсетіп, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етті.
Қорытындысында, 2025 жылы Қор оң қаржылық нәтижелер көрсетті. Таза пайда 20 млрд теңгені, ал ROA және ROE рентабельділік көрсеткіштері тиісінше 0,54% және 0,76%-ды құрады. Қор өз қызметінде тұрақты даму, корпоративтік басқару және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жүйелі түрде ұстанады.
Қордың 2025 жылғы Жылдық есебімен ОСЫ ЖЕРДЕ танысуға болады.
